ҚР заңнамасымен бекітілген діни қызмет және діни бірлестіктер туралы

Советов Темирлан Жанатович
Дінтанушы 

Ар-ождан және діни сенім бостандығы қағидасы Қазақстан Республикасының Конституциясында, діни қызмет және діни бірлестіктер туралы заңында және басқада құқықтық нормативтік актілерде көрсетілген. Діни қызмет және діни бірлестіктеп туралы Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 11 қазанындағы  № 483-IV заңына сәйкес, ҚР-ның өзін демократиялық, зайырлы мемлекет ретінде орнықтыратынын, әркімнің ар-ождан бостандығы құқығын растайтынын, әркімнің діни нанымына қарамастан тең құқылы болуына кепілдік беретінін, ханафи бағытындағы ислам  және христиандықтың православиелік бағыты халықтың мәдениетінің дамуы мен рухани өміріндегі тарихи рөлін танитындығын, Қазақстан халқының рухани мұрасымен үйлесетін басқа да діндерді құрметтейтінін, конфессияаралық келісімнің, діни төзімділіктің және азаматтардың діни нанымдарын құрметтеудің маңыздылығын танитынын негізге алады. Осылайша, Қазақстанда ресми мемлекеттік немесе міндетті дін жоқ.

Зайырлылық қағидаты бойынша ешбір дін мемлекеттік істерге әсер ете алмайды. Бірақ бұл Қазақстан діни мәселелерден толығымен алшақтады дегенді білдірмейді. Сарапшылардың пайымдауынша мемлекеттің негізгі қағидасы немқұрайлыққа емес, сенімге деген тең көзқарасқа негізделген. Сонымен бірге зайырлы сенуші азаматтың бейнесі елдің заңға бағынатын тұрғынымен байланысты. Ол моральдық-адамгершілік қағидаттарды ұстанады, өз халқының салт-дәстүрлері мен әдет-ғұрыптарын құрметтейді, этникалық және діни келіспеушіліктерге жол бермейді.

Қазақстанда 140 этникалық және 40 конфессиялық топ өкілдері татулық пен түсіністікте өмір сүруде. Діннің қоғамдағы маңызы артқанын жіті сезіне отырып, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев республика елордасы – Нұр-Сұлтан қаласында әлемдік және дәстүрлі діндер форумын өткізу бастамасын көтерді.

Мәдени және тарихи тұрғыдан алғанда, Қазақстанда ислам діні кең таралған. Ізбасарлар саны-ел халқының шамамен 70%, ал христиан діні шамамен 26% құрайды. Азаматтардың арасында протестанттар, еврейлер, буддистер, католиктер және басқа діндердің өкілдері де бар. Атеистер көп емес, шамалас есептеулер бойынша – Қазақстанның барлық тұрғындарының 3% артық емес.

Елбасының пайымдауынша, әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшылары арасындағы сенім мен өзара түсіністікке негізделген диалог осы саладағы халықаралық ынтымақтастық үшін кең мүмкіндіктерге жол ашады және заманымыздың күш көрсету, экстремизм, терроризм сияқты келеңсіз құбылыстарын еңсеруге ықпал ететін болады. Съезд хронологиясы Астанада: 2003, 2006, 2009, 2012, 2015 және 2018 жылдары өткен Әлемдік және дәстүрлі діндер лидерлерінің алты съезіне ислам, христиан, иудаизм, буддизм, синтоизм, даосизм және өзге дәстүрлі діндер басшылары мен көрнекті өкілдері қатысты. Съездің диалогтық алаңдарында нәтижесінде дінаралық саммиттің бірлескен қорытынды құжаттары – әлем елдеріазаматтары, халықтары мен үкіметтеріне бағытталған Мәлімдемелер мен Үндеулер қабылданған діни қауымдастықтың рухани жақындасуы бойынша қанық және сындарлы сұхбаттар өткізіліп тұрады.

Жалпы, дін — адам тарихының үлкен тағылым-тәрбиесінің бірі және сарқылмас даналық көзі. Егемен ел болып қалыптасуымызда, мемлекетіміздің өсіп- өркендеуінде діннің алатын орны зор. Өйткені, дін — имандылықтың, әділдіктің, сыпайылықтың, парасаттылықтың, көпшілдіктің, төзімділіктің кепілі. Діні, тілі жоқ халықтың – болашағы жоқ.

Өйткені, дін әдептілік қағидалары мен қоғам бірлігін, тәрбиелік жүйелерді қалыптастыруда елеулі рөл атқарады. Адам дінге сенген соң, өзгелерге жәбір көрсетуден, тәртіпсіздік жасаудан, ішімдік, есірткі секілді жаман әдеттерден бойын алыс ұстайды. Дінсіз қоғамда тәртіпсіздік пен қылмыс етек жаятындығы белгілі.

Дін – қоғамның ең қажетті және негізгі тармағының бірі деп есептеймін. Өзіміз өмір сүріп отырған ортадан дінді бөліп қарау әсте мүмкін емес. Ал жүрегінде қорқынышы болмаған адамдар – ең қорқынышты орта, қорқынышты қоғам. Асылы текті бабамыздың «Құдайдан қорықпағаннан қорық» деуі де сондықтан. Осы мәтелдің астарында үлкен мән жатқанын ұғынуымыз керек.