РУХАНИ ДЕРБЕСТІКТІҢ МӘНІ

Көптеген зерттеу қоғамның рухани саласында болып жатқан күрделі өзгерістерді көрсетеді. Деструктивті құбылыстар белең алып, дәстүрлі құндылықтар жүйесіне әсерін тигізіп, моральдық нұсқаулардың жоғалуы, күмәнді идеологиялардың адам санасына енуі түрінде көрініс тауып жатыр. Жекелеген тұлғалардың қажеттіліктері, мүдделері, мақсаттары, әлеуметтік байла­ныстарының сипаты өзгеріп, ұлттық бірегейлігімізге қауіп төнді.

Бүгінгі таңда қазақ қоғамының рухани негіздерін – ұлттық рух, ұлттық сана және халқымыздың ұлттық мәдениеті өсетін тамырларды сақтау мәселесі аса маңызды. Сол себепті қазақ руханиятын, қазақ ділін қалыптастырған алғышарттарды анықтау қажет.

Руханият – өте күрделі құбылыс, ол әрқашан қоғамның, халықтың, мәдениеттің бірегейлігі мен тұтастығын білдіретіні сөзсіз. Қазақ руханияты әрқашан қоғамның шынайы интеграторы ретінде әрекет етті. Қазақстанның әлеуметтік-мәдени дамуының барлық кезеңінде ол прогресс нысаны ретінде көрінді, оның нәтижелері әрқашан гуманистік идеалдар мен құндылықтарға бағытталғанын білеміз.

Еліміздегі рухани үдерістің динамикасын зерттеу, оның бастауларын анықтау тарихи материалға жүгінуге итермелейді. Қазақ тарихында дәстүрлі мәдениеттің рухани негіздерінің рөлін сүнниттік бағыттағы ханафи мәзһабы орындады, ол қазақ жан дүниесінде және халықтың мінезінде әділеттілік, жанашырлық, құрбандық пен адам парызының өткір сезімінің моральдық-рухани көзқарастарын қалыптастыратын адамгершілік пен шыншылдық идеалдарын орнатты. Осылайша, ханафи мәзһабының идеялық көзқарастары қалып­тастырған мәдени үлгі рухани құндылықтардың басым дамуына негіз болды.

Қазіргі қазақ қоғамының руханиятымен байланысты кейбір мәселелер мәдениетіміздің рухани бастаулары – қазақ дәстүрлеріне оралу қажеттілігін көрсетеді. Бұлар – адамдарды біртұтас ететін жақ­сылық пен жамандық туралы идеялар, сәйкестік құрылымындағы маңызды компоненттердің бірі.

Президент Қасым-Жомарт Тоқаевтың: «Біз халқымыздың рухани негізін құрметтей отырып, мемлекетіміздің зайырлы ел ретіндегі мәртебесін күшейте түсуіміз керек. Қазақстан өзінің мемлекеттілігіне және қоғамдық мораліне қайшы келмейтін діни наным-сенімдердің, түрлі танымдар мен ілімдердің бәріне түсіністікпен қарайды. Бірақ біз батыстың, я болмаса басқа да көзқарас иелерінің ықпалымен төл мәдениетімізге жат әрі әлемнің дуалистік негізіне кереғар құндылықтарды наси­хат­таушылардың жетегіне еріп кете алмаймыз, кетпейміз де», деген сөздері де өз Отанына деген мақтаныш сезімін оята алатын аза­маттарға арналған.

«Ел тағдыры – ер тағдыры». Мемлекетіміздің тұғырының биік болуы, халқымыздың амандығын қамтамасыз ету қастерлі борышымыз екенін естен шығармағанымыз абзал.

Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Астана қаласы «Діндерді зерттеу» орталығының теолог маманы, PhD