Шет елде діни білім алуға қатысты талап – қатаң тәрттіппен реттелуі қажет

Егеменді еліміздің тәуелсіздігінің тұғырлы болмағы үшін – қазақ жастарының білімі де, ой-санасы да биік болмағы ләзім. Соңғы жылдары қазақстандық жастар – мемлекеттік бағдарламалар аясында шет елде білім алып, еліміздің түрлі еңбек саласында қызмет атқаруда.  Алайда ел жастарының шет мемлекеттерде білімін жетілдіріп қана қоймай, дамыған елдердің озық технологиясымен қоса, кейбір мәдениеті мен өркениеті шектелген елдердің жат діни идеологиясын да елімізге алып келіп жатқандығы ақиқат. Осы тұста, мұндай түйіткілді мәселенің түйінін шешер заңдардың халық талқысына салынып, таразыланып жатқаны көңіл қуантады. Атап айтқанда «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» Заң жобасындағы Қазақстан Республикасы азаматтарының шетел мемлекеттерінде діни білім алу мүмкіндігі, елімізде базалық жоғары діни білім алғаннан кейін ғана іске асырылуы болып отыр. Бүгінде аталған Заң жобасына қатысты, жастардың шет елде діни білім алу мәселесі бойынша енгізіліп отырған ұсыныс өте орынды және еліміздің діни тұрақтылығына кепіл болар қадам екендігін айтқым келеді.

Жасырын емес, сонау тоқсаныншы жылдардың орта тұсында шет елде діни білім алып келген алғашқы қарлығаштарымыздың базалық діни білімі болмауы салдарынан ел артқан сенімді толық ақтай алмай, қай мемлекетте білім алса, сол мемлекеттің дәстүрі мен діни сенім ерекшеліктерін қоса алып келгені ақиқат еді. Нәтижесінде өз елінің ұлттық құндылығына қарсы үгіттейтін, дәстүріне қарсы дәріптейтін, салтымен санаспайтын, әдетін әзірейілдің әрекетіндей көретін жас мамандар ұлт арасына іріткі салып, алауыздық тудырды. Жан-жақта түрлі бағытта діни білімін жетілдірген жастардың жаңа ой-танымдары, ежелден қазақ даласында атадан балаға мұра болып жеткен дәстүрлі ислам дінімен ұштаспай, аға буын мен жас буын арасында өзара келіспеушілік туындап, ағайынның арасына жік түсті. Мұның бәрі базалық діни білімді Қазақстанда алмай, шетелдік радикалды бағыттағы оқу орындарының талауына тап болуы салдарынан еді. Осындай қаумалаған түйткілді мәселелердің түйінін шешер Заң жобасын мақұлдар, қос қолдап қолдар халықтың қарасы көп боларына сенімім мол.

Бүгінде ақпараттық-түсіндіру топтарының халық арасында дін мәселелері жөніндегі кездесулерде, бастапқы діни білімді отандық теологиялық жоғары оқу орындарында алып, одан әрі қажеттілігіне қарай шетелдік білім ордаларында жетілдіруге болатындығы жайлы түсіндірілуде. Алайда кейбір отандастарымыз діни білім алу мақсатында әлі де саяси тұрақсыз мемлекеттерге барып білім алуды тоқтатар емес. Араб және Азияның кейбір мемлекеттері мен Таяу Шығыс елдерінде жағдайдың мезгіл сайын өзгеріп отыратындығын ескерсек, аталған елдерде қазақстандық жастардың білім алуына бейжай қарауға болмайтындығын түсінуіміз қажет. Бұл елдерде соңғы жылдары әртүрлі деструктивті діни ұйымдар өз қызметтерін ашық және жариялық түрде жүргізіп, шет елден келген азаматтар арқылы қатарларын толықтыруды көздеуде. Ал, шетелдік экстремистік және террористік ұйымдар мен ағымдар үшін бұл – өз идеологияларын шет елден келген жастардың санасына құюға оңтайлы мүмкіндік болмақ. Сол шетелдік жат пиғылды діни ұйымдардың идеологиясына уланып келген жастарымыз, елге оралғанда өзге отандастарымызды да уламай қоймасы анық. Олай болса, жастарымызды санасын шырмайтын теріс ағымдардың тепкісіне тастамай, алдын алуға жұмылған жұдырықтай бірлесе атсалысуымыз қажет-ақ.

Шет елде діни білім алу мәселесі Тәжікстан, Түркия, Малайзия секілді бірқатар елдерде заң аясында шешімін тапқан. Аталған мемлекеттердің тәжірибесіне сүйене отырып, біздің елде де Мәжілістің қарауына берілген Заң жобалары қабылданып, елімізде дін саласына қатысты бірқатар мәселелері шешімін табар деген сенімдемін.  

 

Серікбаева Гүлмира,

Дін проблемаларын зерттеу орталығының бөлім басшысы,

ақпараттық-түсіндіру тобының мүшесі.