ЗАЙЫРЛЫЛЫҚТЫҢ ҚАЗАҚСТАНДЫҚ МОДЕЛІ КОНФЕССИЯАРАЛЫҚ КЕЛІСІМНІҢ НЕГІЗДЕРІНІҢ БІРІ РЕТІНДЕ

АМАНКЕЛДИНОВ НҰРАСЫЛ, Астана қаласы «Діндерді зерттеу орталығы»

 

Қазақстан бірегей тарихи-мәдени жағдайларға, қоғамдық дамудың өзіндік ерекшелігіне ие бола отырып, әлемдік қауымдастық мойындаған мемлекеттік-конфессиялық қатынастардың өзіндік моделін іске асырды. Мемлекетіміздің зайырлылығы- конфессияаралық қатынастардың негізгі сипаты болып табылады. Зайырлылық моделінің негізі ар-ождан бостандығы, діни нанымдардың теңдігі, діни конфессияларға қатысты саяси биліктің бейтараптығы, тіліне және діни көзқарасына қарамастан, әркімнің жеке сенімдеріне құрметпен қарау болып табылады.

Діни сенім бостандығы – бұл демократияшыл қоғамның іс-әрекет етуінің қажетті өмірлік шарты, адамның құқықтары мен бостандықтары жүйесінің негізгі элементтерінің бірі.

Жоғарыда айтылғандардың дәлелі Қазақстанда қазіргі уақытта бейбітшілік пен келісімде 130-дан астам этникалық және 18 конфессиялық топтардың өкілдері тұратындығын айта аламыз. Республикада дәстүрлі діни бірлестіктерден бастап, бұрын елде ұсынылмаған жаңа діни бірлестіктердің кең спектрі ұсынылған.  Әр түрлі көзқарастарға, дәстүрлер мен мәдениеттерге қарамастан, Қазақстан діни қақтығысы жоқ мемлекет болып табылады.

Мемлекеттің зайырлылық құрылымы-Қазақстан халқының маңызды тарихи жетістігі. Мемлекет дінді саясиландырауға жол бермейді, сондай-ақ діни бірлестіктер мен конфессиялардың дамуына, дінге сенушілердің діни жоралығаларын жасауға кедергі жасамайды, билік конфессиялар мен діни бірлестіктердің ішкі, канондық мәселелеріне араласпайды. Бұл ретте мемлекет барлық діни бірлестіктердің ішкі тәртіптерінің сақталуын қадағалайды. Мемлекет- ар-ождан бостандығы мен Құдайға сену немесе сенбеу құқығын құрметтейтін бейтарап құрылым ретінде әрекет етеді. Ар-ождан бостандығы – ең алдымен жеке адамның кез келген идеологиялық бақылаудан бостандығын білдіретін адамның негізгі жеке құқықтарының бірі, әркімнің рухани құндылықтар жүйесін өз еркімен таңдау құқығы.

Қазіргі уақытта Конституцияның ережелері негізінде 2011 жылы қабылданған «Діни қызмет және діни бірлестіктер туралы» ҚР заңы қолданылады.

Конфессияаралық келісімнің қазақстандық моделінің сипаттамасынан көріп отырғанымыздай, Қазақстандағы конфессияаралық қатынастар жүйесі тұтастай алғанда айтарлықтай тұрақты, бірақ сонымен бірге бұл тұрақтылықты сақтау керек, оны саналы түрде қолдау қажет, өйткені елде және әлемде болып жатқан процестер әрқашан өзгеріп тұрады.

Діннің рөлінің артуымен қатар, халықтың бір бөлігінде дінге қатысты жағымсыз аспектілер пайда болғаны жасырын емес. Атап айтқанда, елде ежелден қалыптасқан негіздерге, ұлттық дәстүрлер мен мәдениетке қарсы тұратын азаматтар саны артты. Дәстүрлі емес діни ағымдар пайда болып, дінге сенушілердің кейбір бөлігі діни агрессия көрсете бастады, бұл елдің, оның азаматтарының қауіпсіздігі мен тұрақтылығына қауіп төндіретін фактор болып табылады.

Туындаған проблемаларды ескере отырып, мемлекет халықтың қауіпсіздігін нығайтып, қоғамда бейбітшілік пен келісімді қамтамасыз ету, сондай-ақ жастарды және бүкіл өскелең ұрпақты діни экстремизм мен терроризмнің ықпалынан қорғауға міндетті.

Қазақстан Республикасында мемлекет пен діни бірлестіктер арасындағы өзара қарым-қатынас жүйесі ынтымақтастық сипатына ие деген қорытынды жасауға болады. Бұл діни бірлестік өкілдерінің қоғам өмірінің әртүрлі салаларында өздерін көрсетулеріне мүмкіндік береді.

Осы ретте, атқарылған нәтижелі жұмыстарға қарамастан, мемлекет, азаматтық қоғам, сондай-ақ діни бірлестіктер конфессияаралық келісім мен тұрақтылықты сақтауда бірлесе жұмыс жасау керек.