ӨЗГЕНІҢ СЫНАҒЫ ӨЗІМІЗГЕ КЕЛМЕСІН ДЕСЕК

Он сегіз мың ғаламды жаратқан Алла тағала өмір мен өлімді кімнің жақсылық, кімнің жамандық жасайтынын білу үшін сынақ ретінде жаратқан. (Мүлік, сүресі 2-аят). Бұл сынақта бізді кейде жамандықпен сынаса, кейде жақсылықпен сынайтынын да Құран Кәрімде нақты айтқан. (Әнбия, сүресі 35-аят). Сынаққа түспеген ешқандай да бір адам жоқ. Біреуін байлықпен сынаса, енді бірін кедейлікпен сынаған.

Ал енді бірін жақсылықпен сынаса, бірін жамандықпен сынаған. Адамзат тарихында адамдар өмірімен, мал-мүлкімен, бала-шағасымен, денсаулығымен, лауазымдық қызметімен, пәктігімен, арымен сыналды және бұл сынақ ақыретке дейін жалғаса бермек. Біреуміз сынақтан сүрінбей өтіп жатсақ, енді біреуміз сүрініп, өмірлік орнымызды таппай, қайғы-мұңмен өткізуіміз мүмкін. Айталық, мұсылман дінін қабылдаған бір бауырымыз бар. Бұл бауырымыз басына түскен сынақтардан сүрінуде. Оның өзіне, жанұясына және іс-әрекетіне сырттан қараған кезде проблемаға толы болып көрінуі мүмкін. Саналы, жанашыр бір мұсылманның мұндай адамға көзқарасы мен ұстанымы қандай болуы керек? Саналы бір мұсылман, сынақтан сүрініп жүрген, қиындыққа тап болған мұсылманға жаны ашиды және қолынан келгенше көмектесуге тырысады және бұл бауыры үшін Алладан дұға тілекте болады. Бұл әрекет сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммедтің (с.ғ.с.) ең үлкен қасиеті еді. Алла тағала бұл жайында «Тәубе» сүресінің 128-аятында: «Ант болсын сендерге өздеріңнің ішіңізден сондай бір пайғамбар келді, сендердің басыңа түскен қиындық оған ауыр тиді. Ол сендерді көп ойлайды, мұсылмандарға өте мейрімді» деп бұйырған. Тек қайғыру ғана жеткіліксіз. Бұл бауырымыздың тап болған қиындығынан құтқару үшін, барынша қолымыздан келген жәрдемімізді беруіміз керек. Егер оның істеген ісі күнә болса, оны көпшілік алдында айыптамай, сынамай, оңаша ескерткен абзал. Ал егер ескерту пайдасыз болса, оның бұндай күнәлі істен аулақ болуы үшін Аллаға дұға ету керек. Егер бұл бауырымыз зұлымдық жасап, басқаларға зиянын тигізуін тоқтатпайтын болса, әділетсіздіктердің алдын алу мақсатында жергілікті заң қызметкерлеріне шағымдану арқылы оған көмек беру міндетіміз. Бұл жайында сүйікті пайғамбарымыз Мұхаммед (с.ғ.с) бір хадисінде: «Өз бауырың жәбірленсе де, жәбір көрсетсе де көмектес» деп бұйырды. Сонда сахабалары: «Жәбір көргенге көмектесуді түсінеміз, ал жәбір көрсеткенге (зұлымдық көрсеткенге) қалай көмектесеміз?» деп сұрады. Сонда Пайғамбарымыз былай деп жауап берді: «Оның зұлымдық ісіне кедергі болу» деп жауап берді. (Тирмизи, «Фитән» бабы 68-хадис) Басқа бір хадисінде Алла елшісі жамандық көрсеңдер оны қолымен қайтарсын, қолынан келмесе тілімен қайтарсын. Ал бұған да күші жетпесе жүрегімен дұға етіп көмектес деген. (Муслим, «Иман», 49-хадис) Бұндай жағдайға тап болған мұсылманның сынағы болса, бұл адам туралы ел алдында жамандап, кемсітіп, өсектемеуі керек. Әсіресе, іштарлық, көре алмаушылық, дұшпандығы бар адамдардың бірі жамандық жасаса, екіншісі бұл әрекетін теріске пайдаланбауы қажет. Осындай сәтті пайдалана отырып, ол бірден сол адамды көпшілік алдында сынға алмауы және өсек таратудан аулақ болуы мұсылмандық міндеті. Міне, ең қауіптісі осы жерде. Нәпсіміздің және шайтанның азғыратын және алдайтын жері осы жер. Егер мүмін басқа бір мүміннің қателігі үшін оны түзеуге тырыспай, оны түзеуге тырысудың орнына оны жамандауға, қаралауға, көпшілік алдында масқаралауға тырысса, ол одан өте жамандық жасаған болады. Алла елшісі бұл жайында былай деп бұйырады: «Бауырыңды [жамандығы үшін] ашық сынама, Алла оны рақымына бөлейді де, сені [оның істеген нәрселерімен] сынайды». (Тирмизи, «Сифату л-қиямә, 54-хадис).

Ешқайсымыздың сынағымыз біткен жоқ, ешқайсымыз жұмаққа кіретінімізге кепілдігіміз жоқ. Алла тағала Құран Кәрімнің «Лоқман» сүресінің 34-аятында: «Ешкім ертең басына не келетінін білмейді» дейді емес пе? Сіз бүгін біреудің баласын сынайсыз, ертең сіздің балаңыз немесе немерелеріңіз қалай болатынын білесіз бе? Сіз бүгін біреудің жанұясын, жарын, балаларымен қарым-қатынасын сынайсыз, ертең сізге не болатынын білесіз бе? Біз ертең не боларын қалай білеміз? Ібіліске «Сәжде ет!» әмірі келгенге дейін, Аллаға  мойынсұнған тақуалардан болмады ма? Ендеше, Раббымызға қол жайып дұға тілегімізде, өзімізге және барша мүміндерге амандық тілеу керек. Өйткені тәнге саулық, жанға тыныштық, дүние-мүлік пен балаға амандық, өмірде баршамыздың бағыт-бағдарымыз. Раббымыз баршамызды жақсылықтан, сауапты амалдан айырмасын. Өзгенің сынағын өзімізге беруден сақтасын.

Исатай БЕРДАЛИЕВ