ЖАСТАРДЫҢ ДІНГЕ ҚЫЗЫҒУШЫЛЫҒЫНЫҢ КҮРТ АРТУЫНА НЕ СЕБЕП?

Жастар арасында дінге қызығушылық күннен күнге артып келеді. Әрине, бір жағынан олардың рухани дамуға деген ұмтылыстары жаман емес, алайда, таяқтың екінші ұшы бар екенін естен шығармаған жөн. Жастар арасында деструктивті діни ағым өкілдерінің қолшоқпары болып жүргендер аз емес. Осы орайда діни экстремизм мәселесі және деструктивті діни ағымдардың жастарға әсері туралы дінтанушы Нұрсұлтан Дихамбаевтың ойын сұрап білдік.

-Нұрсұлтан мырза, бірінші сұрағым экстремист дегеніміз кім, оны қалай сипаттай аласыз?

- Экстремистің жеке басын зерттей келе, көп жағдайда олар қазіргі әлеуметтік жағдайға бейімделмеген, болашаққа алаңдайтын, агрессивті, өмірлік мәселелерді шешуде күш көрсетуден тайсалмайтын, құқықтық нормаларды елемейтін маргинал ретінде қарастырамыз.

Жоғарыда атап өткендей өздеріне өздері ереже ойлап тауып, мінез-құлқына, жүріс-тұрысына өзгеріс енгізгісі келетіндер көп. Әсіресе өзін қоғамға дәлелдегісі келетін адамдар көп жағдайда дұрыс жолдан тайып, арам пиғылда адамдардың арбауына түсіп қалып жатады.

-Неліктен адамдар жат ағымға ергіш? Оған себеп діни сауатсыздық па, әлде жастық максимализм бе?

-Екеуі де бар. Оған қоса әлеуметтік желідегі саны мен шегі жоқ ақпараттарды қосыңыз. Интернет жүйесін жүйелі түрде пайдаланса, шіркін. Мысалы, қазір адамдарда кез-келген сұрақ туындаса бірден интернетке жүгінеді. Ол жердегі ақпараттық дұрыс-бұрыстығын тексеріп, критикалық ойлау-жүйесін қосатын жастар көп емес, әрі, псевдоуағызшыларға еліктейтіндер қатары сирейтін түрі жоқ. Сол себепті, біз мамандар әр уақытта дінге қызығушылығы бар баланы бірден мешіттегі имамдарға жіберіп, діни сауатын, білімін арттыруға кеңес береміз. Бір музыкалық аспапқа немесе спорттық ойындарға балаңыздың қызығушылығы бар екнін сезсіңіз бірден үйірмелерге жазасыздар ғой, сол сияқты дінге қызықса әлі ерте немесе жасың келгенде үйренесін демей, сол саланың мамандарына апарған жөн.

-Жаңа жастардың дінге қызығушылықтары жоғары деп бір сөзіңізде  айтып өттіңіз. Бұған себеп не?

-Нақты бір себеп бар деп айта алмаймын. Дінге деген қызығушылық тек қиналғанда пайда болады деген шарт жоқ. Көп адамдардың ойынша дінге адам тек басына іс түскенде, депрессияда жүргенде келеді деп ойлайды. Ондай фактілердің бар екенін жоққа шығармаймын. Алайда, жәй қызығып, дін деген не, құдайды қалай танимыз деген сияқты қарапайым қызығушылық та болуы мүмкін. Тура сондай сұрақтарға жауап іздеп жүргенде жаныңда жақсы жандар табылғаны жөн. Діннің өте нәзік тақырып екенін, бұл тақырыпта екінің бірі сөйлеуге құқығы жоқ екенін естен шығарып алады.

-Егер белгілі бір мекемеге барып діни сауат ашуға уақытың немесе мүмкіндігің болмаса, қандай дерек көздерінен оқыған жөн?

-Қазақстан мұсылмандар діни басқармасының ресми сайтынан немесе жергілікті діни басқарма сайтынан ақпарат алуға болады. Сондай-ақ, мемлекеттік сараптамадан өткен діни кітаптар өте көп. Мысалы, өзім елордалық Діндерді зерттеу орталығында жұмыс істеймін. Біздің орталық мамандары биылдыққа 5 жаңа діни әдебиет жазып шықты. Жыл сайын елімізде әртүрлі діни әдебиеттер шығуда.

-Соңғы сұрағым егер беймәлім адам дін туралы ақпарат айтып немесе әдебиет ұсынса не істеу керек?

-Көшеде адамды ұстап алып, оған дін туралы айту заңсыз болып табыла. Егер сізге бейтаныс адам келіп дін туралы сөз қозғаса бірден құқық қорғау органдары хабарласуларыңызға болады. Ал кез-келген діни сұрақтар бойынша 109 байланыс телефонына хабарласып, тегін діни ақпарат ала аласыздар.

-Сұхбатыңызға рахмет!