ЖАТ АҒЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ ТОҚЫРАУҒА ҰШЫРАҒАН ТАҒДЫР

ЖАТ АҒЫМНЫҢ ЖЕТЕГІНДЕ ТОҚЫРАУҒА

ҰШЫРАҒАН ТАҒДЫР

 

Тағдырдың басқа салған қиындығын оңай жолмен еңсеремін деп, білместіктен немесе діни сауатсыздықтың салдарынан деструктивті діни ағымның  арбауына түсіп, өз қателігін кеш болса да түсініп, елге оралған Айгерім (аты өзгертілді) Сирияда көрген азапты күндерімен бөлісуді жөн санады. Бұл ойын ол басқа адамдардың да адасып, жалған діни ағымдарға сенім білдіріп, тыныш өмірлерінің тозаққа айналдырғанын қаламайтындығымен түсіндірді.

Бүгінде екі бала өсіріп отырған Айгерім жалған сенімнің жетегінде Қарағанды қаласында оқып жүрген жоғарғы оқу орнын аяқсыз тастап, 2013 жылы 19 жасында Түркия арқылы Сирияны бетке алады. Бұл жағдайдан мүлдем бейхабар ата-анасы қызын қанша іздегенімен істері нәтижесіз болып, шарасыз күй кешеді.

Көзіне жас алған Айгерім өз сөзін: «Газиантеп қаласында бір күн түнетіп таңертеңгісін шекараға жеткізді. Зәйтүн егілген егістік алаңын 15/20 минуттай жүгіріп шекара астық. Жеткен соң бізді араб ұлтының азаматтары күтіп алып, ерлер мен әйелдерді екі топқа бөліп, тізімге тіркеп бізді алып кетті. Бір күннен соң мені қазақ жамағаты ортасына апарып, қазақ азаматына некеге тұрғызды. Екі жыл өткен соң жолдасым қайтыс болып қолымда бір жасар ұлым, құрсағымда үш айлық баламмен жесір қалдым. Екінші ұлымды босанғаннан кейін әзірбайжан ұлтының азаматымен некелестірді. Ол кісі 4 ай 10 күннен соң соғыста қайтыс болды. Қолдан қолға некелестіру осымен тоқтамады, ендігі жолдасым араб ұлтынан болды. Бұл некеден дүниеге үшінші ұлымды әкелдім. Ешқандай медициналық жағдайлар қарастырылмаған балдарымды үйде босандым. Осының және өзегімді өртеген өкініштерден салдарынан ұлым салмақ қоспайтын дертпен әлжуаз болып туылды-деп жалғастырды.

«Көретініміз күнделікті атыс, жарылыстар, жерде жатқан адам дене мүшелерінің бөлшектері, айнала қанға оранған. Шаддат қаласында әуе шабуылынан қорғануға арналған арнайы ғимаратта жасырынып, жан сақтап жүрдік»- деп Айгерім көз жасына ерік берді.

Ұйқысыз, ас-тұзсыз күндерім, еліме, жеріме деген сағынышым, кеткенім үшін өкінішім жанымды жегідей жеп үш баламды қолыма алып қашуға бел будым. Жолдасымнан көмек сұрағанда еш көмектесе алмайтынын, көмектессе өлім жазасына кесілетінін айтып бас тартты. Жамағаттан шекара асуға көмек бере алатын адамдардың бар екенін және ақысына он екі мың АҚШ долларын алатындарын есіттім. Қолымда  ондай қаражатым болмаған соң, үш баламды қолға алып, қақаған қыстың қаңтар айында еш дайындықсыз қашуға шешім қабылдадым. Соғыста ұшқан оқтың арасымен жанымды қолға алып жолға шықтым. Шөл даладан бала арбасын тауып алдым. Ішуге су, жеуге тамақ тіпті балаларымды орайтын көрпесіз         20 км. мина алаңын 30 сағаттай жүріп өттім.

Жолдағы көрген  қиындықтардан соң төрт айлық құндақтағы балам қайтыс болды. Баламды өз қолыммен шөл далаға жерлеп, біршама уақыттан соң күрттердің лагеріне жеттік. «Мухаджерсің» бе?                                                   (шет ел азаматшасысыңба) - деп «Макар» деген әйелдер лагеріне орналастырды. Макарда жүргенде екінші ұлым шатырдан құлап кемтар болып қалды. Осы лагерде бес ай болып, «Жусан-3» операциясымен Отаным Қазақстанға оралдым. Аллаға шүкір, Елбасымызға алғысым шексіз!

Жат ағымға түсу себебімнің бірі, діни білімімнің таяздығынан. Білім алудың түрлі жолдары бар, әсіресе діни білім алушыларға аса сақтық қажет екенін, тек мамандардан, яғни ҚМДБ-ның қарамағында жұмыс атқарып жүрген мешіт имамдарынан сұрау керек екенін айтқым келеді. Мен басқан қадамға, мен адасқан ағымға ешбір қаракөз қазағым алданбасын деп тілеймін. Жастық қызбалығыммен көп нәрсенің байыбына бармастан, оқып жатқан медициналық білімімді тастап кеттім. Оралғанда ата-анам Барымды бағаламай, туып өскен жерімнің қадірін бағалай білмегенім жадымда жазылмастай жара қалдырды. Жазықсыз төгілген мұсылман бауырларымның судай аққан қандары, бөлшектеліп жатқан денелер, ұшқан оқ, еңіреген ана мен бала бір сәтте ойымнан шығар емес. Өзім көзбен көріп, көкейіме түйгенім Аллаһ жолында «Жиһад», мұсылман бауырларымызға көмек керек деп т.б. түрлі үгіттерге салып, алдап арбап шақырып, жер мен мұнайдың дауы үшін болып жатқан қан майданның қақ ортасына бірақ апаратындарын айтқым келеді.

Айналайын қазағым, қара көздерім, әр қазақ менің жалғызым демекші адаспайық қазақ екенімізді, бабаларымыздан мұра болып ақ білектің күшімен ақ найзаның ұшымен, ұлан байтақ жеріміз, бейбітшілік орнаған көк аспанымыз, ұлттық салт-дәстүріміз бар екендігін ешқашан ұмытпайық! Аманат етілген кең байтақ Қазақстанымыздың көк туын көктен түсірмейік, аманатымызға қиянат жасамайық! – деп жадында жүрген өкінішімен Айгерім бөлісті.

А.Айтенова

Нұр-Сұлтан қаласы Дін мәселелерін зерттеу орталығының қызметкері