Астана қаласы бойынша ҚМДБ имамдары мен ұстаздарына арналған біліктілікті арттыру семинары өтті

22 қараша күні Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының қолдауымен Діндерді зерттеу орталығы «Жаһандану заманындағы ислам мәдениеті» атты ҚМДБ Астана қаласының имамдары мен ұстаздарына арналған біліктілікті арттыру семинарын өткізді. Іс-шарада Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқарма басшысы Көшқалиев Қайролла Дүйсешұлы, ҚР МАМ Дін істері комитетінің Исламдық діни бірлестіктермен байланыстар басқармасының басшысы Нұрмаханбетов Мейіржан Ерланұлы, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы алғы сөз сөйлеп, қатысушыларға сәттілік тіледі.

Іс-шараның алғы сөзін Астана қаласының Дін істері жөніндегі басқармасының басшысы Қайролла Көшқалиев еліміздің тыныштығы мен тұрақтылығын сақтап, дәстүрлі ислам дінін насихаттау және осы жолдан тайып кеткен азаматтарды дұрыс бағытқа салуға арналған 4 жобаны таныстырудан бастады. «Діндерді зерттеу орталығында ақпараттық түсіндіру жұмыстары бойынша 7 топ құруды көздеп отырмыз. Бұл топта қазір 6 теолог жұмыс істеп жатыр екен, соның орнына 14 белсенді имам алу керек. Қаланың 5 ауданында бір-бір топтан, сонымен қатар қалалық және мобильді топ болады. Одан бөлек діни медиа орталық ашу жоспарланып отыр. Жалпы діни бағытта дәстүрлі исламды насихаттауға бағытталған контентті толтыру үшін ауқымды жұмыс жүргізу керек», - деді Қ.Көшқалиев.

Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің Исламдық діни бірлестіктермен байланыс басқармасының басшысы Мейіржан Нұрмұханбетов діни бағытта да медиасауаттылық ұғымының маңызды екенін атап айтты. Сонымен қатар, ҚМДБ министрлікпен бірлесе жұмыс атқаруда сенімді серіктестік екенін жеткізді. «ҚМДБ төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы биылғы 2023 жылды «Ислам және ізгі қоғам» деп жариялағаны Діни басқарманың қоғам алдындағы міндеті – жұртымызды жақсылыққа үндеп, жамандықтан қайтару, ізгі қоғам құруға қадам жасау екеніне сенім білдіретінімізді жеткіземіз», деп қорытындылады
М. Нұрмаханбетов.

Әрі қарай, ҚМДБ төрағасының орынбасары, наиб мүфти Сансызбай қажы Құрбанұлы «Бүгінгі семинардың маңыздылығы ерекше, Жаһандану заманында әртрлі салада дамумен қатар, өзіміздің ұлттық санамызды жоғалтпауымыз керек. Қазіргі таңда кезлген сала ұдайы дамып отыруды талап етеді. Сондықтан, ҚМДБ имамдары мен ұстаздарының да үнемі біліктіліктерін арттырып отыруға міндетті. Салт-дәстүрінен айырылған халық ұлттық болмысын жоғалтатыны хақ. Тіл, дін, діл, тарих барлығы ұлттық бірлікті сақтауға, қоғамның дамуына, елдің тыныштығын қамтамасыз ететіні белгілі»,- деді Сансызбай қажы.

Сондай-ақ, семинардың негізгі бөлімінің баяндамашылары Философия ғылымдарының кандидаты, дінтанушы Phd докторы, ЕҰУ дінтану кафедрасының аға оқытушысы Кеңшілік Тышхан, «Исламдық зерттеулер орталығы» қоғамдық қорының атқарушы директоры, дінтанушы Мырзаев Балғабек Әбдіқайымұлы, Астана қаласының «Дін істері жөніндегі басқармасы» ММ бас маманы Романова Адия Төлегенқызы, ҚМДБ Астана қаласының бас имамы Жүсіпов Ерболат Нұрылдаұлы, SMM маманы Жан Кыпшакбай тыңдаушыларға баяндама оқып, танымы мол ақпараттар берді.