Астанада Республика күніне орай теологтар мен дінтанушыларға арналған семинар өтті

Діндерді зерттеу орталығы 12 қазанда Астана қаласы әкімдігінің қолдауымен елорданың теологтары мен дінтанушыларына арналған Республика күніне арналған семинар ұйымдастырды. Бұл туралы қала әкімдігінің ресми сайты хабарлайды.

Іс-шараға ҚР Мәдениет және ақпарат министрлігі Дін істері комитетінің басқарма басшысы Есбергенов Ерлан Жумажанович, Діндерді зерттеу орталығының директоры Алмас Ерназаров, Л. Н. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінің Дінтану кафедрасының меңгерушісі Кеңшілік Тышхан, психология ғылымдарының кандидаты Алмат Нұрадинов, Дін істері басқармасының бас маманы Адия Романова, сонымен қатар елордалық теологтар мен дінтанушылар қатысты.

Семинар Қазақстан Республикасының дін саласындағы 2021-2023 жылдарға арналған мемлекеттік саясатын іске асырудың кешенді жоспарын іске асыру аясында мамандардың біліктілігін арттыру, сондай-ақ діни-экстремистік және деструктивті сипаттағы түрлі идеологиялардың таралуын болдырмау мақсатында ұйымдастырылды.

Семинар барысында Астана қаласының теологтары мен дінтанушыларының діни саладағы жұмысының ерекшеліктеріне тоқталып, олардың қызметінде енгізіліп жатқан жаңа әдіс-тәсілдер талқыланды, сонымен қатар Қазақстан Республикасының заңнамасы түсіндіріліп, қазіргі кездегі соңғы жаңалықтар айтылды.

Айта кету керек, мұндай семинарлар діни саладағы жалпы қызметтің тиімділігін арттыру аясында жыл сайын ұйымдастырылады.