Бүгін Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының төрағасы, Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлының жетекшілігімен шыққан «Ихсан – тәрбие негізі» атты кітаптың тұсаукесер рәсімі өтті

«Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың қабылдауында болғанымда елімізде Ихсан ілімін кеңінен насихаттау қажеттілігі туралы бастама көтеріп едім. Президентіміз бұл бастаманы қолдайтынын жеткізіп, игі тілегін білдірген болатын.    

Біз халқымыздың жүрегіне жақын рухани ілімді кеңінен насихаттау үшін «Ихсан – рухани тәрбие негізі» кітабын шығаруды қолға алған едік. Міне, ерекше ынта-ықыласпен жазылған қолыңыздағы бұл еңбек Сіздің де рухани өміріңіз үшін пайдалы болады деген үміттемін», - деп сөз бастады Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы.

Еңбекте «Жаратушы Аллаға ихсан», «Тұлғалық ихсан», «Ихсан және қоғам» сынды тараулар қамтылып, Ислам ғұламаларының ихсан ілімі жайлы ой-толғамдары берілді.

«Жанның және рухтың тазалығына мән беретін «Ихсан - рухани тәрбие негізі» кітабының тұсаукесеріне келіп, керемет әсерде болдық. Еңбекте ата-ана, бала-шаға, көрші-қолаң, ағайын-туыс, айналадағы адамдардың ақысы жайлы құнды насихаттар жазылып, жаман әдеттерден арылудың жолдары көрсетілген екен. Дәстүрлі әрі рухани құндылықтарымызды арттыратын осындай кітаптар біздің қоғамға қажет», - деп ізгі тілегін білдірді Дін істері басқарма басшысы Нұрдаулет Әлмұханов.

Салтанатты жиынға Бас мүфти Наурызбай қажы Тағанұлы, ҚР Ақпарат және қоғамдық даму вице-министрі Серік Егізбаев, мемлекет және қоғам қайраткерлері – Мырзатай Жолдасбеков, Ғарифолла Есім, Оралбай Әбдікәрімұлы, Халықаралық Түркі академиясының президенті Дархан Қыдырәлі, Сенат депутаты Нұртөре Жүсіп пен Мәжіліс депутаты Бахытбек Смағұл, Дін істері басқарма басшысы Нұрдаулет Әлмұханов және т.б ел игілігі жолында еңбек етіп жүрген азаматтар қатысты.