Дін мен дәстүр

Көптеген ғасырлар бойы қазақ елінің өзіндік ерекше әдет-ғұрыптары мен салт-дәстүрлері қалыптасты. Қазақ халқы – салт-дәстүрге өте бай ел. Салт-дәстүр дегеніміз — әр ұлттың, халықтың діні мен сеніміне, тұрмыс-тіршілігіне, ұлттық құрылым ерекшелігіне сәйкес ғасырлар бойы жинақталып, өмірдің өзі туғызған ғұрыптардың жиынтығы; қауым мен қоғамда қалыптасқан мінез-құлықтың үлгілері. Күнделікті қолданыста бір мәдени топты екіншісінен айыратын және бейресми жолмен реттейтін қабылданған мінез-кұлық ережесіне немесе әлеуметтік әрекеттерді жөнге келтіретін терминге жатады.

Ұлы дала дәстүрлеріне таң қалған орыс және шетел саяхатшылары өз еңбектерінде жазып қалдырған. Мәселен, Адольф Янушкевич, поляк зерт­теушісі:…Қазақтың ойлау қабілеттілігін кереметтігіне барған сайын көзім жетті. Әр қазақ өз шаруасын жете түсіндіреді. Тіпті, балаларының ақылы ерте толысады. …Бірнеше күн бұрын өзара дауласқан екі партияның қақтығысына куә болдым. Сонда Демосфон мен Цицерон туралы өмірі естімеген шешендерге таң қалып, қол соққанмын. Сонда бұлар тағы, жабайы болғаны ма? Жо-жоқ! Имандай сырым! Тәңірім бойына осыншама қабілет дарытқан халық өркениетке жат болып қалуы мүмкін емес.

Салт-дәстүрдің ел арасындағы тәлімдік, тәрбиелік мәні зор. Халықтың атадан балаға көшіп, дамып отыратын тарихи әлеуметтік, мәдени-тұрмыстық, кәсіптік, салт-сана, мінез-құлық, тәлім-тәрбие және рухани іс-әрекетінің көрінісі дәстүр арқылы танылады. Мысалы, ата-ананы, үлкенді құрметтеу, ас қайыру, көрімдік, көрші ақысы, сүйінші, кәде сұрау, сәлем беру, ат тергеу, т.б. салт-дәстүрге жатады.  Әдет, ғұрып, ишара, ырым, тыйым бәрі осы салт-дәстүр көрінісі. Салт-дәстүрлі ел – мықты әрі тұғыры берік ел болып саналады. Дәстүр мен діннің сабақтасуы қазақ халқының тұрмыс-тіршілігіндегі, шығармаларындағы, өнеріндегі Құран мен сүннеттің рөлінен байқауға болады. Қазақ даласында дүниеге келген Әбу Насыр әл-Фараби, Ахмет Йассауи, Жүсіп Баласағұн, Махмұт Қашқари т.б. ойшылдардың, ақын-жыраулардың шығармаларында діни құндылықтар толғаулары кездеседі. Мәселен: «Мұсылман үшін бұл дүние түнек,

 Күдер үз, қайырым іздеме жүдеп» Ж.Баласағұн.

 «Ұлымын деп менменсінбе, Тәңірі ғана тек ұлы» Ахмет Иүгінеки.

 «Тәңірім сөзі Фұрқанды айт,

 Кәләм Аллаһ – Құранды айт.

 Тәңірім салса аузыңа,

 Жан жолдасаң иманды айт» Бұқар жырау.

Сонымен қатар ежелден келе жатқан бата сұрау дәстүрі. Асыл дініміз Исламнан алынған амалдардың бірі. Елімізде «Батамен ел көгерер, жаңбырмен жер көгерер», «Баталы ер арымас, батасыз ер жарымас» деген нақыл сөздер бар.

Қазақ дүниетанымда ізет пен құрметке ерекше мән беріледі. Сол қазақы дәстүрдің бірін құраған кішіпейілділіктің көрінісі іспетті амалдардың бірі – келіннің сәлем салуы. Әрбір амал ниетке байланысты, ал құрметтеу ниетімен сәлем салудың рукуғ немесе сәждеге жығылумен бір еместігі, табыну ниетінде жасалмағандықтан, Аллаға серік қосумен мүлде байланыспайтыны айдан- анық. Беташар ислам дінінде болмағанымен ислам шариғатына қайшы келмейтін салт-дәстүр. Беташарда келін халыққа құрмет ретінде иіліп сәлем береді.

Қазіргі таңда деструктивті ағымдардың қазақ халқын адасушы деп санауының алғашқы себебі қазақ елінің діні мен дәстүрінің біте қайнасып дамығандығын білмегендігінен. Көптеген діннен бастау алатын немесе шариғатқа қарсы келмейтін салт-дәстүрлерімізбен, әдет-ғұрыптарымызға қарсы шығып жүрген бауырларымыз бар. Атақты батырымыз Б.Момышұлы  Ұлы Отан соғысы жылдарында: «Мен өзімнің ұрыстағы тәжірибемнен солдаттың басында жауынгерлік қасиетті тәрбиелеуде халықтардың басынан өткен жауынгерлік жолдары мен ұлттық дәстүрлердің маңызы зор екеніне көзім жетті», - деп жазды. Яғни, дін мен дәстүрден құралған мәдениетімізді, тарихымызды білу арқылы біз кез келген, өз заманына сай болған жамандықтарға тойтарыс бере аламыз.

Ыбышев Ерхан