ДӘСТҮР ЖАҢҒЫРЫҒЫ» БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІ

ДӘСТҮР ЖАҢҒЫРЫҒЫ» БАЙҚАУЫ МӘРЕСІНЕ ЖЕТТІОрталықтық пен ҚМДБ Нұр-Сұлтан қаласы өкілдігімен бірлесе ұйымдастыруымен әйел жамағатына арналған «Дәстүр жаңғырығы» атты шығармашылық қолөнер байқауы өтті. Қала күніне орай ұйымдастырылған іс-шарада қатысушылар дәстүрге қатысты сурет салудан өзара бақ сынасты. Іс-шараның мақсаты ұлттық салт-дәстүрімізді жаңғырту, қатысушылар арасында патриоттық рухты көтеру болып табылады. Әрі, осы сурет өнері арқылы нәзік жандылардың творчествалық қабілеттерін ояту.

Он күнге созылған конкурстың қорытындылау үшін, жеңімпаздарды арнайы құрылған комиссия анонимді түрде бағалады. Комиссия қатарында: Гүлнұр Маханбетжанова – «Қазақ ұлттық өнер университетінің» суретші-педагогі; Камила Мырзабаева - Жамбыл облысы Діндерді зерттеу орталығының теологы (PhD докторанты), Динара Нұрғалиева - ҚМДБ Республикалық «Әйел-қыздар» секторының меңгерушісі және Адия Романова - Дін істері жөніндегі басқарма өкілі болды.

Жеңімпаздарды марапаттау рәсімі барлық қатысушыларды қамтумен «Мұмтаз» ресторанында арнайы жайылған дастарханмен өтті. Арнайы отырыста Орталықтың директор орынбасары Жандаулет Сүлейменов пен ҚМДБ-ға қарасты Нұр-Сұлтан қаласы бойынша «Зекет және қайырымдылық» корпаративтік қорының өкілі Мерей Жақия дәстүр мен дінің байланысы туралы түсіндірме жүргізді. Жиырмадан астам өтінім түскен байқауда жүлделі 1-ші орынға шаңсорғыш, 2-ші орынға электрлі ет турағыш, 3-ші орынға ыдыс жиынтығы берілді. Сонымен қатар, 2 қатысушы ынталандыру сыйлығы ретінде тоқ шәйнекке ие болды.

Өнер адамның дүниетанымын, эстетикалық талғамын кеңейтері сөзсіз. «Дін, өнер және ғылым - бір ағаштың бұтақтары», - деп айтылғандай қатысушылардың асқақ ойлап, терең пайымдауына өз үлесімізді қосуға әрқашан ниеттіміз.