Дәстүрлі емес діни ағымдардың алдын алу үшін қандай іс-шаралар жүргізілуде?

Нұр-Сұлтан қаласы Діндерді зерттеу орталығының ұйымдастыруымен мемлекеттік қызметкерлер мен құқық қорғау органдары қызметкерлерінің біліктілігін арттыру мақсатында «Қазіргі жағдайда дәстүрлі емес діни ағымдардың қызметіне қарсы іс-қимыл және алдын алу» тақырыбында семинар өтті. Іс-шараға Дін істері басқарма басшысы Н. Әлмұханов, ҚР мемлекеттік қайраткері Т. Мұхамеджанов, «Дүниежүзілік ислам лигасының» мүшесі, теолог Ибрахим Мохамед Абдисамад, философия ғылымдарының кандидаты, доцент К. Тышхан қатысты.

Мемлекет қайраткері Т. Мұхамеджанов: «Біздің елімізде көптеген ұлт пен ұлыстар өмір сүреді. Олардың әрқайсысының дін мен мәдениетін сыйлауымыз керек. Біздің елімізде мұсылмандар «Құрбан айт» мерекесін тойласа, христиандар «Рождество» мерекесін дәл солай атап өтеді. Бұл біздің конфессиялардың бір-біріне деген өзара сыйластығының белгісі дер едім», - деп дінаралық сыйластыққа аса мән беру керектігін атап өтті.

Семинар барысында экстремизм мен терроризмге қарсы іс-қимылдың өзекті мәселелері, деструктивті ағым өкілдерін ажыратудың әдістері туралы тілге тиек етілді. Сондай-ақ, елорданың мемлекеттік органдарының қызметкерлері жоғары білікті мамандарға өздерін қызықтырған сұрақтарын қойып, тұшымды жауап алды.

Арнайы шақырылған қонақ, «Дүниежүзілік ислам лигасының» мүшесі, теолог Ибрахим Мохамед Абдисамад: «Адамдар ғылымды, тарихты, дінді жақсы біліп, өз ісінің маманы болса, сол кезде жат ағымға түсіп кету деген түсінік болмайды. Бір бағытта, жұмыла жұмыс істесек, сонда ғана ісімізде нәтиже болады. Адам өзінің көрсеқызарлығымен жұмыс істеп, жаратқанымен қарым-қатынасын түзеп, қоғамға деген игі көз-қарасын қалыптастыруы керек. Содан кейін ғана, адам қоғамға өзінің пайдасын тигізе алады. Сонымен қатар, тұлғаның қалыптасуында тәрбие алған отбасы мен өскен ортасының да орны ерекше» - деп, қоғамдағы әр азаматтың рөлін, адамның қалыптасуындағы отбасының рөлі түсіндіріп берді.

Семинарды қорытындылай келе, Нұр-Сұлтан қаласы Дін істері басқармасының басшысы Н. Әлмұханов: «Елорда тұрғындарының діни сауаттылығын арттырып, олардың жат ағымға түсіп кетпеуін бақылауда ұстау үшін, біз өзіміз де мамандармен ақылдасып, біліктілігімізді арттырып отыруымыз керек. Осы сынды іс-шаралар біздің жасап жатқан жұмысымызға одан сайын тың серпін мен жұмыс барысын жақсарта түсуге мүмкіндік береді», - деді.

Дін - қоғамдағы өзекті тақырыптардың бірі болғандықтан, осы сынды семинарлар дін саласында қызмет етіп жүрген мамандардың сауатталығын арттырып, жаңа ақпараттар алуға мүмкіндік береді.