ДӘСТҮРЛІ ҚҰНДЫЛЫҚТАР – ҚОҒАМ ДАМУЫНЫҢ НЕГІЗГІ ӨЗЕГІ

Қ.Бейсенғазин,

Нұр-Сұлтан қаласы

Дін мәселелерін зерттеу

орталығының қызметкері

Адамзат ақпараттық қоғамға аяқ басқалы жеке тұлғаның күнделікті өмір сүру салтынан бастап, қоғамдық ұстанымдар мен көзқарастарға дейін өзгеріске ұшырап келе жатқаны байқалады. Жаһандану заманында әлемдік ақпараттық кеңістіктің қазақстандық қоғамға да ықпалы сезіледі.

Ғаламтор мен әлеуметтік желілер арқылы толассыз келіп жатқан ақпараттар ағыны ғасырлар бойы қалыптасқан дәстүрлі құндылықтарға сызат түсіріп, балалар мен жастардың санасына кері әсер етуде. Уақытының көп бөлігін ғаламторда өткізетін желі қолданушылары мәнсіз-мағынасыз контенттер мен дарақы бейнероликтер көріп, даңғаза әуендер тыңдаумен шектелуде. Осының салдарынан балалар мен жастардың арасында кітап оқу үдерісінің күрт кеміп кеткенін айта кеткен жөн.

Ұрпақтар дәстүрлі құндылықтармен ұлттың рухани мұрасын, көркем әдебиеті мен тарихын оқу арқылы танысатынын есекерсек, бүгінгі күні бұл бағытта үлкен олқылық бар екенін белгілі. Кейінгі кездері кітап оқу мәдениетінің тоқырауға ұшырауы жастардың бойына дәстүрлі құндылықтарды емес, жаһандық өзгерістерге ұшыраған уақытша құндылықтарды сіңіруге, рухани құндылықтардың орнына материалды құндылықтарға ұмтылуға ықпал етуде.

Сондай-ақ, күн сайын санамызды соққылап жатқан алып-қашпа арзан ақпараттар мен сапасыз контенттер отбасы институтының әлсіреуіне, ата-ананың бала тәрбиесіндегі рөлінің кемуіне әкеліп соғуда.

Сонымен қатар, қоғамның дәстүрлі құндылықтардан қол үзіп бара жатқанының тағы бір көрінісі, жастардың қазақ халқына тән дәстүрлі құндылықтардан алыстап, сырттан үздіксіз насихатталатын жат идеологияның жетегінде кетуі болып табылады.

Ең өкініштісі соңғы 30 жылдың ішінде жат идеологияның жетегіне еріп, жамағаттың мүддесін ұлттың мүддесінен жоғары қоятын діншіл топтар қалыптасып үлгерді. Діни сауатының таяздығы салдарынан көптеген жастар діннің ішкі мазмұнын түсінбей, сырқы формасын ғана қабылдап, теріс пиғылды түрлі діни ағымдардың ықпалында кетуде.

Әсіресе, сыни ойлау қабілетінен айырлыған тұлғалар діни ағым жетекшілерінің айтқанын ақиқат ретінде қабылдап, дәстүрлі құндылықтардан алшақтап, салт-дәстүрге қырын қарауда. Олардың пікінше салт-дәстүрдің кейбір көріністері ислам дінінің қағидаттарына қайшы келеді.

Қазақ даласына VIII ғасырдан бастап ене бастаған ислам діні көшпелі қазақтар арасында  XII ғасырға дейін біртіндеп таралса да ата-бабамыздың өмірінен салт-дәстүрді шығарып тастаған жоқ. Керісінше ислам қағидаттары мен дәстүрлі құндылықтар тонның ішкі бауындай бір-бірімен қабысып жатты. Оған ұрпақтан ұрпаққа жалғасып келе жатқан халқымыздың мақал-мәтелдері мен хадистерінің біте қайнасып кеткені дәлел болса керек.

Соның ішінде, көптеген діни қағидаттар мақал-мәтел түрінде еліміздің тұрмыс-салтына еніп кеткен. Бұдан дін мен дәстүрдің қазақ елі үшін егіз ұғымға айналғанын байқауға болады.

Қазір кейбір жастар дін ұстануда да, басқа мәселелерде де дәстүрлі құндылықтарды ескермей, қоғамда қалыптасқан тәртіпке бой ұсыну немесе мөлшерді білу тәрізді қарапайым қағидаларды ұмытып, шектен шығуда.

Ал, дәстүрлі құндылықтар қазақтың тілі, дәстүрлі ислам діні, атадан балаға мирас болып қалған рухани мұралар, халқымыздың тарихы мен әдебиеті, ұлтымыздың өнері мен мәдениетінен тұратыны белгілі. Ұрпақтан-ұрпаққа жалғасып келе жатқан рухани мұраларымызды жастардың санасына сіңіріп, бойына дарыта білсек, тарих сахнасында ұлттық ерекшеліктерімізді жоғалтпайтынымыз анық. Ғасырлар көшіне ілесіп, мемлекет ретінде және ұлт ретінде ерекшеліктерімізді жоғалтпай, мәңгілік елге айналу үшін ұлтымыздың түп тамыры іспетті дәстүрлі рухани құндылықтарымыздан ажырамауымыз керек. Жастарымыз жат идеологияның жетегінде кетпеу үшін дәстүрлі ұлттық құндылықтарды жүйелі түрде насихаттау жұмыстарын жалғастырған абзал.

Соның ішінде, ұлттың рухани жауһарлары болып табылатын жыр-дастандар мен мақал-мәтелдерді, аңыз-ертегілерді, сондай-ақ, ұлы ойшылдар мен ақын-жазушылардың туындыларын барынша насихаттап, жастардың ізгілік пен адамгершілік қағидаттарына сай қалыптасуына ықпал ету қажет.

Осыған орай, қоғамның ілгерілей дамуын қамтамасыз ететін дәстүрлі құндылықтарды балалар мен жастардың санасына сіңіру негізгі міндеттердің бірі болып қала бермек.