Елордада қасиетті Рамазан айы ораза ұстағандарға ыстық тамақ таратумен басталды

Қасиетті айды Нұр-Сұлтан қаласының дін істері жөніндегі басқармасы мен діндерді зерттеу орталығы «Нұр-Астана» мешіті ұжымымен бірлесіп, аузы берік мұсылмандарға ыстық тамақ таратумен бастады, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Рамазан айы сәуір айының 13 күні басталып, 12 мамырға дейін жалғасады. Мамыр айының 8-нен 9-на қараған түні Қадір түні, 13 мамыр күні Ораза айт мерекесі атап өтіледі.

Барша мұсылман үшін бұл ай жақсылық пен ізгілік айы. Ислам дінін ұстанушылар рамазан айында барынша қайырымдылық жасап, сауап жинауға тырысады. Сол себепті де, мұқтаж жандарға көмек қолын созып, жақсылықтың жаршысы атануға әр мұсылман ниетті.

Қаладағы эпидемиологиялық жағдайға байланысты мешіттерде жылдағыдай ауызашар өткізуге болмайды. Сондықтан карантиндік талаптарды сақтай отыра, әрбір адамға жекелеген тамақ бокстары жеткізілді. Сонымен қатар, мешіттерде тарауих намазы мен жұма намазы да оқылмайды.

Егер Рамазан айына байланысты ақпарат білгіңіз келсе немесе дін саласына қатысты қандай да бір сұрақтарыңыз бен ұсыныстарыңыз болса iKomek109 нөмірі арқылы байланыса аласыздар, хабарласу тегін.

Елорда тұрғындары мен қонақтары санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік ережелерін сақтап, өз денсаулығына сақ болуы қажет.