Елордада Қазақстан халқының бірлігі күніне арналған ағаш отырғызу рәсімі өтті

«Конфессияаралық келісім аллеясында» 90 түп ағаш отырғызылды. 2017 жылдан бастау алған іс-шара дәстүрге сай осы жылы да жалғасын тапты. Жиынға Дін істері коммитетінің төрағасы Е.Нүкежанов, Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Б. Мәкен, сондай-ақ елордадағы діни бірлестіктердің басшылары мен өкілдері қатысты.

«1 мамыр - Көпұлтты елімізде тұратын барлық ұлттардың ұлы мерекесі. Сол себепті де, осы іс-шара Қазақстан тәуелсіздік алғаннан бері үлкен деңгейде ұйымдастырылып келеді. Әртүрлі дін өкілдерімен жыл сайын ағаш отырғызу біздің дәстүрге айналған. Бірлігі жарасқан әрбір қазақстандықты атаулы күнмен құттықтаймын»,- деп Нұр-Сұлтан қаласы әкімінің орынбасары Бахтияр Мәкен іс-шараға келген қонақтарды мерекемен құттықтап өтті.

«Біздің бірлігіміз - еліміздің басты байлығы. Әрбір ұлт өкілінің мемлекетіміздің даму жолында қосып жатқан үлесі зор. Конфессияаралық келісім біздің мемлекеттің діңгегі деп білемін. Оған әрбір азамат өзінің үлесін қосуда»,- деп Дін істері коммитетінің төрағасы Ержан Нүкежанов өз тілегін білдірді.

Осы сынды іс-шаралар қоғамның бірлігін арттырып, рух беріп, діндер арасындағы өзара жақсы қарым - қатынасты нығайтуға мүмкіндік береді. Бүгінгі күн Қазақстанды мекендейтін халықтар достығының символына айналары сөзсіз!