Нұр-Сұлтанда діни нысандарға «Ashyq» қосымшасы арқылы кіруге болады

Елімізде пандемияға байланысты 5 мамырдан бастап «Ashyq» қосымшасы қолданылады. Бұл жоба мыңдаған бизнестің жұмысын қайта бастауына септігін тигізді. Ал бүгіннен бастап «Ashyq» қосымшасы Нұр-Сұлтандағы ғибадат үйлеріне де енгізілді, деп хабарлайды елорда әкімдігінің ресми сайты.

Енді елорданың діни мекемелеріне құлшылық жасауға келген әрбір адам кіреберісте өз статусын көрсетуі міндетті. Бұл – ең алдымен қауіпсіздік шарасы. Өзін-өзі оқшалау режимін бұзып жататындар бар. Олар қоғамдық орындарға баруы арқылы коронавирустың таралуына себепші болады. Ал «Ashyq» жүйесі осындай келушілерді анықтап, олардың қоғамдық орындарға кіруіне жол бермеу арқылы келушілердің қауіпсіздігін сақтауға көмектеседі.

«Қазіргі эпидемиологиялық жағдайда мешітке келетін әрбір адамның қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін заманауи технологияның жетістігі болып саналатын – «Ashyq» бағдарламасын енгізіп жатырмыз. Бұл халқымыздың індет жұқтырмауы үшін жасалып жатқан шаралардың бірі болып есептеледі. Ислам діні адамның өмірінен асқан құндылық жоқ екенін насихаттайды», - дейді «Нұр Астана» орталық мешітінің бас имамы Нұрлан Рамазанов.

Айта кетейік, коронавирус індетін тоқтатудың жалғыз, тиімді жолы – вакцинация арқылы ұжымдық иммунитетті дамыту. Қала тұрғындарының 60 пайызы екпе алған жағдайда карантинге дейінгі қалыпты өмірге оралуға мүмкіндік болады.