Қоғамның діни радикализмге ұшырауының негізгі факторлары

ХХ ғасырдың аяғында білім мен технология қарыштап дамумен қатар дінге деген қызығушылық та ерекше артып, бұл кезең діни ренессанс ғасырына айналды. Негізінен адамзат тарихына үңілген кезде кез-келген қоғамда діни фактордың маңызды рөл атқарғаның көреміз. Әрине, бұл құбылыстан Қазақстанда шетте қалып қалған жоқ. Тәуелсіздік жылдарынан кейін біздің елімізге де түрлі діни бағыттар мен ағымдар ағылып келіп, белсенді жұмыс істеуге кірісіп кетті. Қысқа уақыттың ішінде халық діни түсініктер негізіндегі топтарға бөлініп, қоғамның тұтастығына қауіп төне бастады.

Нәтижесінде рухани тұрғыдан иммунитеті әлсіз халқымыздың бір бөлігі солардың құрбанына айналып бара жатқанын байқап жүрміз. Қазіргі кезде осындай қауіптердің бірі исламның атын жамылған радикалдық топтардың қарқын алуы болып табылады. Әрине, қәзіргі кезде арнайы мемлекеттік органдардың атсалысуымен радикализм мен экстремизмге қарсы бағытталған жұмыстар жүргізілуде. Бірақ байқайтын болсақ көбінесе экстремизм мен радикализм салдарына оның қоғамға тигізер зияндығына басымдық беріліп жатады. Алайда радикализм мәселесінің қаупін сейілту үшін салдарымен бірге оның түпкі себептерін жоюға мән беруіміз керек. Осы ретте «Ауырып ем іздегенше, ауырмайтын жол ізде» дейтін халық нақылы еске түседі. Одан бөлек, радикализм белгіліері неғұрлым ертерек анықталса, соғұрлым адамның дәстүрлі ортаға бейімделіп, жат діни түсініктен құлан-таза айығып кетудің де мүмкіндігі көбірек емес пе.

Осылайша, діни экстремизм мен радикализмге итермелейтін себептерді анықтау арқылы біз ол мәселенің түпкі сырын біле аламыз. Ол үшін діни экстремизм және радикализмге итермелейтін факторларды анықтасақ, шешімін табу қиынға соқпайды.

Жалпы, діни экстремизм мен радикализмге итермелейтін көптеген факторлар бар. Солардың ішінде ең бірінші фактор діни ілімнің таяздығы және діни ілімді арнайы бекітілген мекемелерден алмауы. Жалпы, діни радикализммен жауапқа тартылып жатқан адамдардың басым көпшілігінің діни сауаты өте төмен. Бұл дегеніміз халықтың діни сауатын арттыру керек екенін көрсетеді.

Дін жағынан білімі таяз адамдардың діни ақпаратты интернеттен іздейтіндігі белгілі. Сонымен қатар бүгінгі жастардың әлеуметтік желілерге жиі кіретіні баршамыз білеміз. Сондықтан да олар еліктеушілікпен, қызығушылықпен ондағы діни ақпараттардың арбауына қалай түсіп қалғанын өздері де аңғармай қалады.

Сонымен қатар, дін саласында арнайы оқу орнын бітірген білікті мамандардың және ақпараттық кеңістікте дін саласы бойынша орыс тілінде сөйлей алатын (ұстаз, лидер, имам, теолог) мамандарының аздығы бір бөлек мәселеге айналып отыр. Жалпы қазіргі кезде деструктивті діни ағымдардың жетегінде кеткендердің көбі орыс тілінде сөйлейтің азаматтар. Қазіргі кезде, жастардың дінге деген қызығушылығы күннен-күнге артуда, осыған байланысты дін ілімінде елімізде заманауи білікті маманның болмауы тағы бір фактор болып есептеледі.

Сондай-ақ, психологиялық және әлеуметтік факторларды алсақ болады.

Психологиялық факторларға адамдардың ой-өрістерінің дұрыс жетілмеуі, отбасы бақытын сезіне алмаушылық, өзіне деген назардың жетіспеушілігі, тағдыр тауқыметін тарту, одан әрі діннен жұбаныш іздеймін деп радикализмге ұрыну немесе радикал болу арқылы өштескен адамдарынан кек аламын деп ойлауы және т.б себептер тұлғаның санасын бұзуға итермелеуі мүмкін.

Әлеуметтік факторларға келетін болсақ тұлғаның әділетсіздікке ұшырауы, әлеуметтік ахуалы төмендігі, қоғамнан сыбайлас жемқорлықты көруі радикализмге итермелейді.

Осы айтылған факторлардың барлығын бөлек мәселе қылып алып шешімін табатын болсақ, діни радикализмнің қаупі біршама сейле түседі деп ойлаймын.

Нұр-Сұлтан қаласының дін мәселелрін

зерттеу орталығы маманы

Шамшатов Еркебұлан