Рухани келісім – ортақ құндылық

Әлем халықтарының рухани үндестігі туралы мәселе алғаш 1890 жылы Чикагода өткен дүниежүзілік конференцияда көтерілген. Әлем халықтары арасындағы рухани үндестік, дінаралық татулық, бейбітшілік мәселелері ғасырдан астам уақыт талқыланып, діндер мен мемлекеттердің мүддесін ортақ арнаға тоғыстыру оңайға соқпады. 1990 жылдары бұл идеяның құндылығын қазақ зиялылары қайта көтеріп, әлем жұртшылығына қазақ халқының гуманистік ұстанымын паш етті.

Осы істің қайнар бастауында болған әйгілі композитор, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты, ҚР еңбек сіңірген қайраткері, «Парасат» орденінің иегері Төлеген Мұхамеджанов бүгінде бейбітшілік жолын берік тұтқан Қазақстан әлем жұртшылығына үлгі болғанын айтады. «Тәуелсіздіктің алғашқы кезеңінде қазақ елінің руханият өкілдері бас болып, әлем халықтарының өзара рухани үндестігі, бейбітшілік, адамзаттың ортақ құндылығы тәрізді жаһандық мәселені ортаға салды. Алматыдағы Республика сарайына жиналған 3 мың делегат осы күнді әлемнің рухани келісім күні етіп бекіту туралы шешім шығарды» дейді өнер қайраткері.

Игі бастама жер жүзіндегі көптеген мемлекеттерде қолдау тауып, 18 қазан рухани келісім күні ретінде танылды. Биыл атаулы күн аясында Нұр-Сұлтан қаласы әкімдігінің қолдауымен «Заманауи сын-қатерлер жағдайындағы дінаралық және ұлтаралық келісімді нығайту» тақырыбында халықаралық онлайн-конференция өтеді. Шараға Еуразия және Америка құрлықтарынан ондаған мемлекеттің руханият өкілдері қатысады деп күтілуде.

Ауғанбек МАНАРБЕКҰЛЫ

https://www.astana-akshamy.kz/ruhani-kelisim-ortaq-qundylyq/?ln=kk