Сіздің де назарыңызды аударды ма, білмеймін. Бір кездері көшеде бұзақы болып жүрген немесе ынжық ешкіммен тіл табыса алмайтын жігіттер қауымы Ислам дінін ұстанып, оның ішінде деструктивті бағытқа бейімді болып келеді. Міне осындай психологиясы бұзылған адамдардың барлығынан көрінетін ортақ қасиет бар. Осындай азаматтардың мінез-құлықтары, жүріс-тұрыстары мен іс-әрекеттері, әдептері мен сөздері, тәрбиесі әртүрлі болғанымен, түптеп келгенде, олардың барлығы Құранда айтылғандай «өзін тәңір тұту» деп аталатын құбылысқа негізделген. Құран Кәрімде Раббымыз не деді? «Өз нәпсісін тәңір тұтқан және Алла оны білімімен адастырған, құлағы мен жүрегіне мөр басып, көздеріне перде қойғанды көрдің бе? Енді оны Алладан басқа кім оң жолға сала алады? Сабақ алмайсың ба? (Жәсия сүресі, 23-аят) Кез келген адам өз ақыл-ойының шегін, оның білімінің жете алатын нүктелерін, өмірінің шектеулілігін және тәжірибесінің аздығын ұмытып, кенеттен оның ақыл-ойын (оны қалауы деп те атауға болады) жалғыз нәрсе ретінде көріп сөйлей бастайды. Мәселен, күні кешеге дейін Құран Кәрімнің бір әрпін білмей иман келтіре отырып, «Құран Кәрімнен дәлелің бар ма? Немесе Пайғамбарымыздың сахих хадистерінде айтылған ба?» дей келе өзі осылардың бірде-бірін білмеуімен қатар, оқуға сауаты да жетпейді. Алланың жіберген кітабы Құран Кәрімде айтылмаған сөзді бар деу үлкен күнәлардан болып саналады. Құран Кәрімнен дәлел сұрау Құранды толық меңгерген адамдардың сұрайтын сұрағы екенін ескергеніміз абзал. Бұл сөйлемнің талдауы мынадай: «Мен, Алла нені айта алады, нені айта алмайтынын, қалай үкім ететінін және қалай болмайтынын анықтайтын дәрежеге жеттім. Әділдік пен зұлымдықтың не екенін, дұрыс пен бұрыстың не екенін айыра алатын санаға жеттім. Мен ақиқат пен шындықтың өлшемімін. Сонда менің қалауым мен талғамыма сай келмейтін Алланың кітабының қай жерінде жазылыпты» дегенге саяды. Бұндай түсініктегі адамдардың тағы бір пікірлеріне тоқталар болсақ, бір хадис айтылғанда, өздеріне сәйкес келмейтін хадистерді теріске шығарып, «пайғамбарым мұндай сөзді айтпайды» деумен қатар, Сахих Бұхаридегі өздерінің нәпсілеріне ауыр келетін хадистерді көргісі келмейді немесе аудармасында алмайды. Бұлай деуінің негізгі астары, пайғамбарлықтың не екенін, пайғамбардың нені айтып, нені айтпайтынын анықтайтын дәрежеге жеткен асқан ақылды адамдардың бірі екенін көрсетеді. Бұл да нәпсісінің құлы емей немене. Шын мәнінде, адам баласы сөзбе-сөз «шектелген», «қабілетсіз» және «әлсіз» жаратылыс. Бұл өмірдің де бір күні аяқталатыны сияқты, оның ақыл-ойы да, білімі де, тәжірибесі де, күші де, мүмкіндігі де шексіз емес. Ол тіпті өзінің балалық және сәбилік шағын есіне түсіре алмайды, өмірінің соңғы жылдарында оның психикалық қабілеттері жиі бұзылады. Адамның өзін мықты деп сезінетін кезеңі ол жастық шағы мен  қартайған кемелдік кезеңі. Олай болса, аспан астында жаңа ештеңе жоқ. Күмән мен қатыгездік, адасушылық пен араңдаушылық, ғайбат пен күпір кеше бойларында көрінгеніндей ертең де жалғаса береді. Өйткені естірге құлақтарын өз қолдарымен жауып, жүректерін кірлетіп жатқанын бірі білсе, бірі білмейді. Ал ендеше біз дінде тура жолды ұстанамыз ба, жоқ па, оны  анықтайтын Құран Кәрімді және Пайғамбарымыздың сенен де, менен де жақсы түсінген, ғалым ұстаздарымыздың айтқан сөздері мен амалдарына көзқарасымыз бен нәпсіміздің тәрбиесі.

Құдайдың бар және бір екенін мойындасақ, өз дәрменсіздігімізді түсініп, Оған әр демімізде мұқтаж екенімізді және көзді ашып-жұмғанша өз жанымыздың басқаруына сенсек, басымызға үлкен қиыншылықтар түсетінін мойындасақ, тағдырымыз да жақсылық Алладан, жамандық (келеңсіздіктер мен бұзғыншылықтар) шайтаннан екенін ғана біз хидаят (жақсылық) жолында қалуға мүмкіндігіміз бар. Құдайға мұқтаж екенімізді ұмытып, өз санамызды жеткілікті санап, дүниелік сынақты елемей, дін атынан сөз сөйлеп жанымыздың азғырулары мен шайтанның сыбдырына немқұрайлы қарайтын болсақ, Құдай сақтасын аяғымыз тайып, екі өмірімізде берекетсіз болады. Сөз соңын қорытындылайтын болсақ, Раббымыз, бізді көзді ашып-жұмғанша нәпсіміздің жетегінде кетуден сақтасын! Раббымыз, бізді тура жолға салғаннан кейін жүректерімізді адастырма және бізге Өз тарапынан бір мейірім сыйла. Күдіксіз сен ұлылардың ұлысың. Дініме және діліме, жеріме және жерлестеріме, ұлтыма және ұлысыма зиян беретін әрекеттерден сақта мені және бауырларымды.

Исатай БЕРДАЛИЕВ,
Астана қаласы «Діндерді зерттеу» орталығының
теолог маманы, (PhD) доктор