АЛҒАШҚЫ ҚАЗАҚ МЕДРЕСЕЛЕРІ ҚАЛАЙ ҚАЛЫПТАСТЫ?
Ислам діні қазақ жеріне орта ғасырлардың алғашқы жартысынан бастап жайылып, түркі халықтары арасында кеңінен тараған еді. Түркілер арасында тек Ислам діні ғана емес, сонымен қатар Зәрдүш, Манихей, Яхуди және Христиан діндері секілді басқа да діни нанымдар өмір сүріп жатты. Алайда бұл жерді мекендеген түркі тайпалары Ислам дінін басқа діндерге қарағанда көптеп қабылдап, Ислам түркі мәдениетінің қалыптасуына өз үлестерін қосып отырды. Еуразия даласын мекендеген бұл көшпелі мұсылман тайпалары өмір салттарының негізіне қарай Ислам дінін ұстанып, мұсылман қауымдастығының бір мүшесі болды. Қазақ халқы ертеден төрт мезгіл көшпелі өмір сүріп келді. Ислам дінін ұстанған қазақтар діни рәсімдері мен білімдерін жетілдіру үшін көрші отырықшы бауырлас елдерден молда алдырып немесе сол елдерге діни білім алу үшін жеке тұлғаларды аттандырып отырған. Алғашқы кезеңде осылайша ислами білімдерін жетілдіріп отырды. Алайда, Қазақ-Орыс саяси дипломатиялық мәмілелері нәтижесінде 1788 жылдан бастап қазақ даласына молдалар жіберіліп, діни қызметкерлер ресми түрде тағайындалып отырды. Бұл үрдіс бастау алғалы татар Ислам ғұламаларының орны ерекше болды. Деректерге қарағанда, қазақ жерінде 17 татар медресесі болған. Алғашында жекелеген діни қызметкерлер уақыт өте келе өз медреселерін ашқан. Осы медреселерде оқып бітірген қазақтар да уақыт өте келе жергілікті жерлерде діни қызмет көрсетіп, имам, азаншы және ұстаздық қызметтер атқарған. Бұл медреселерде білім алған шәкірттер уақыт өте келе қазақтар арасында өз медреселерін ашатын деңгейге жеткен еді. Осылайша, уақыт өте келе Солтүстік Қазақстан аумағында 21 қазақ медресесі ашылып, олардың барлығы дерлік қыстық және жаздық болып көшпелі түрде қызмет етті. Деректерде тек Науан хазірет салған Көкшетаудағы медресенің ғана тұрақты ғимаратта болғаны айтылған. Алғашқы қазақ медреселерін ашқан тұлғалар арасында Нұртаза Шахмұратұлы, Мақыш Сейітәлиұлы, Мұқаш молда, Мұқат молда, Әлиасқар Айтқожаұлы, Ахмет қалпе, Әбілхан молда және Кәйкібай молда сынды тұлғалар болды. Бұл медреселердің алғашқылары шамамен 1860-шы жылдары құрылып, қазақ молдалары қазақ халқының діни сауаттарын ашуға кірісті.
Алғашқы қазақ медреселері негізінен бастауыш және орта деңгейлерге бөлінді. Діни білімді жоғары деңгейге жеткізу үшін татар немесе Бұқара медреселеріне барған. Сонымен қатар Осман империясына және Мысыр еліне оқуға аттанған қазақтардың да болғаны жайында аз да болса мағлұматтар кездеседі. Қазақ медреселерінде логика, ақида, фиқһ, Құран тәпсірі, хадис сабақтарынан дәріс берілді.
Медет СӘДІБЕКОВ, Дінтанушы