Діни толеранттылық және оның Ислам дініндегі көрінісі
Қазіргі таңда дін ұстанушылар әлемдегі халықтың 85%-ын құрап отыр. Әртүрлі діни түсініктер, діни сенімдер және қасиет ұғымдары сөзсіз дін ұстанушылар арасында түсініспеушілік тудыруы мүмкін. Бір қоғамда қасиетті саналған ұстанымдар мен пікірлер басқа бір қоғамда ешбір мән-мағынаға ие болмауы мүмкін. Осы секілді дінаралық түсініспеушіліктің туындамауы үшін діни толеранттық маңызды.
Діни толеранттық – әртүрлі діндерге, сенім жүйелеріне немесе діни көзқарастарға төзімділік танытуды білдіретін ұғым. Бұл концепция адамдардың әртүрлі діни нанымдарды құрметтейтінін және басқаларды осы сенімдері үшін айыптамайтынын білдіреді. Діни толеранттық басқалардың діни бостандығына кедергі келтірмей, өзінің діни сенімін сақтауды және олардың нанымдарына, ғибадат ету тәсілдеріне немесе діни әдет-ғұрыптарына төзімділікпен қарауға да шақырады. Бұл ұстанымның бейбітшілік пен қоғамдық келісім үшін маңызы зор. Ислам дінінің қасиетті кітабы Құранда және Мұхаммед (с.ғ.с.) пайғамбардың өмірінде діни толеранттық мысалдарын көптеп кездестіре аламыз. Солардың бірі – «Бақара» сүресіндегі «Дінде зорлық жоқ» деген аят. Ислам дінінің негізгі доктринасы, әрбір пенденің таңдауы бар екендігі және әрбір адам сол таңдауының негізінде жасалған амалдары үшін сұраққа тартылатындығын айтады. Осылайша Ислам діні басқаның иманы мен дініне емес, пенденің өзіне көңіл бөлуіне шақырады. Діни толеранттықты насихаттайтын басқа бір Құран сүресі – «Кафирун» сүресі, онда әр адамның өз діні мен сенімінде қалуға еркі бар екендігі айтылады. Нақтырақ айтар болсақ: «Сендердің діндерің өздеріңе, менің дінім өзіме тән» (109:6) делінген. Толеранттық пен бейбітшіліктің тағы бір маңызды өрнегі – 622 жылы жасалған Мәдина келісімшарты. Хижреттен кейін Мәдина қаласына орналасқан Мұхаммед пайғамбар (с.ғ.с.) әртүрлі діни топтармен бейбітшілік пен тыныштықты қамтамасыз ету үшін бір келісімшарт жасаған еді. Осы күнге дейін түпнұсқа мәтіні қолымызға жеткен бұл келісімшартта мынандай мәселелер айтылған: қаладағы қауымдастықтың қай дінге сенетініне қарамастан еркін және бейбіт өмір сүруін қамтамасыз ету; қала сыртынан келетін шабуылдарда бірге болу және қаланы бірге қорғау; әр қауым өз аймағына жауапты болу т.б. Бұл келісімшарт алғашқы Ислам конституциясы ретінде сақталып, Мұхаммед пайғамбардың (с.ғ.с.) адам құндылығы негізінде әлеуметтік қоғам құру арқылы бейбітшілік пен толеранттықты насихаттаған еді.
Сондай-ақ, Ислам тарихынан да дінаралық бейбітшілік пен толеранттық өрнектері болғанын байқаймыз. Ислам діні билік құрған мемлекеттерде басқа дін өкілдері өз сенімдерінде қалып, өз діндерін насихаттаумен бірге өз соттарына да жүгіну мүмкіншіліктері болатын еді. Бұл үрдіс Ислам дінін ресми түрде ұстанған Осман империясы тұсына дейін жалғасқан. Осындай мысалдардың біреуі – христиан ғалымы дамаскілік Иоан (675-753). Оның әкесі Әбд әл-Мәлік ибн Маруан (646-705) халифаның тұсында сарай қызметкері ретінде танылған. Иоан болса Араб халифаты тұсында шіркеу қызметкері әрі ғалым ретінде танылып, тіпті Ислам діні жайында жазылған еңбектері қазіргі уақытқа дейін жеткен. Сонымен қатар, әлемге әйгілі Хикмет үйінде (Бәйт әл-Хикма) көптеген ғылыми зерттеулер жүргізіліп, бұл зерттеулерді жасау үшін әртүрлі дін мен ұлттан ғалымдарды ресми түрде шақыртатын еді. Бұл тәжірибенің барлығы Ислам діні мен мұсылман мәдениетінде басқа дін ұстанушыларына деген құрмет пен бейбітшілікті көрсетеді. Өкінішке қарай, соңғы 100 жылда діни экстремизмнің өсу себебінен бұл бейбіт ұғымдар мен түсініктер назардан тыс қалып, дінаралық қатынастар еленбей келеді. Дінаралық диалог пен діни толеранттық біздің елімізде айрықша маңызға ие болып отырғанын да атап өткен жөн. 2003 жылдан бері Әлемдік және дәстүрлі діндер көшбасшыларының Съезі өткізіліп, діндер, мәдениеттер мен халықтардың жақындасуы, сонымен қатар діни қақтығыстар орын алған елдерді бейбітшілікке шақыру іс-шаралары жасалып келеді. Бұл съездер арқылы діннің барлық ұлттарға тән бір феномен екендігін түсінуге және барлық діндерге құрметпен қарап, діни толеранттықтың насихатталуына көп үлесін қосып отыр.
Медет СӘДІБЕКОВ,
дінтанушы